Дидактика туралы жалпы түсінік

Дәріс №8. Дидактика туралы жалпы түсінік

Мақсаты: студенттерде дидактика туралы жалпы түсінік қалыптастыру

Жоспар:

  1. Дидактика – теориялық және қолданбалы ғылым.
  2. Дидактиканың негізгі категориялары.
  3. Дидактикалық жүйелер және оқыту модельдері.
  4. Қазіргі дидактиканың ерекшеліктері

1. Тұтас педагогикалық процесті құраушы екі басты процестің бірі – оқыту процесі (оқу процесі) болып табылады. Оқыту процесі күрделі процесс болып табылатындықтан оның анықтамалары да әртүрлі.

Ерте дәуірдегі және ортағасырлық ойшылдар еңбектерінде «оқыту», «оқыту процесі» ұғымдары «білім беру» деген мағына береді. Өткен ғасырдан бастап оқыту ұғымына білім беру және оқу компоненттері енгізіле бастады. Мұнда білім беру – мұғалімнің оқу материалын меңгертуге бағытталған іс-әрекеті, оқу – оқушының ұсынылған білімдерді меңгеруге бағытталған іс-әрекеті ретінде көрінеді. Кейінірек оқыту түсінігі сол сияқты мұғалімнің оқушылардың танымдық іс-әрекетінің тәсілдерін қалыптастыруды басқару іс-әрекеті және мұғалім мен оқушының біріккен іс-әрекетін де қамтиды.

Қазіргі түсінікте оқытудың мынадай белгілері бар: 1) екіжақты сипат; 2) мұғалімдер мен оқушылардың өзара іс-әрекеті; 3) мұғалім тарапынан басшылық; 4) арнайы жоспарланған ұйымдастыру және басқару; 5) тұтастық және бірлік; 6) оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестік; 7) оқушылардың дамуы мен тәрбиесін басқару.

Дидактика (гр. Didaktikos – оқытушы, didasko – оқушы, үйренуші) – оқыту мен білім берудің мәселелерін қарастыратын педагогиканың бөлімі. Алғаш рет бұл сөз оқыту өнерін белгілеу үшін неміс педагогы Вольфганг Раткенің (Ратихия) (1571 — 1635) шығармаларында кездеседі. Дидактиканы «бәрін барлық нәрсеге оқытудың әмбебап өнері» ретінде Я.А.Коменский де пайдаланды. ХІХ ғ. басында неміс педагогы И.Ф.Гербарт дидактикаға тәрбиелей оқытудың тұтас және қайшылықсыз теориясы статусын берді. Ратихия заманынан бастап дидактиканың негізгі міндеттері – не нәрсеге оқыту және қалай оқыту мәселелерін зерттеу өзгеріссіз қалып келеді. Қазіргі ғылым сол сияқты қашан, қайда, кімді және неге оқыту мәселелерін жете зерттейді.

Дидактика ғылым ретінде оның пәні аясында әрекет ететін заңдылықтарды зерттейді, оқыту процесінің жүргізілуі мен барысын айқындайтын тәуелділіктерді талдайды, жоспарланған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін әдістерді, ұйымдастыру формалары мен құралдарын анықтайды. Сондықтан дидактика екі негізгі қызмет (функция) атқарады: 1) теориялық (негізінен, диагностикалық және прогностикалық); 2) практикалық (нормативтік, құрал-жабдықтық).

4 стр., 1775 слов

Дидактика як галузь педагогіки, її виникнення і розвиток

... 1884—1941), Лев Виготський (1896—1934). Завдяки їх працям дидактика як система виховання в школах у 30-ті роки XX ... ними активності у процесі навчання. Російський педагог К. Ушинський (1823—1881) в основу свого бачення завдань педагогіки поклав ідею ... необхідних для участі в продуктивній праці. Її здобувають у процесі вивчення предметів політехнічного циклу: математики, фізики, хімії, біології, ...

Дидактика оқыту жүйесін барлық пәндер және оқу іс-әрекетінің баррлық деңгейлерінде қамтиды. Оның қамтуына қарай жалпы және жеке дидактикаларды бөліп көрсетуге болады. Жалпы дидактиканың пәні – оқыту және оқу процесі, оның ішіне бұл процесті тудыратын, жүргізетін факторлар, шарттар және ол келетін нәтижелер кіреді (Ч.Куписевич).

Жеке (нақты) дидактикалар оқыту әдістемелері деп аталады. Олар процестің жүру заңдылықтарын, әртүрлі пәндерді оқытудың мазмұнын, формалары мен әдістерін зерттейді. әр пәннің өз әдістемесі болады.

Сонымен дидактика – оқыту және білім беру, олардың мақсаты, мазмұны, әдістері, құралдары, ұйымдастырылуы, жететін нәтижелері туралы ғылым.

2. Дидактиканың негізгі категориялары болып сабақ беру, оқу, оқыту білім беру, білімдер, біліктер, дағдылар, сол сияқты оқытудың мақсаты, мазмұны, ұйымдастырылуы, түрлері, формалары, әдістері, нәтижелері (өнімдері) табылады.

Білім беру – педагогтың оқыту мақсатын (білім міндеттерін) жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекеті, ақпараттандыруды, тәрбиелеуді, тануды және білімдерді тәжірибеде қолдануды қамтамасыз ету.

Оқу – барысында таным, жаттығу және алынған тәжірибе негізінде өзін ұстау мен іс-әрекеттің жаңа формалары пайда болатын, бұрынғылары өзгеретін процесс, дәлірек айтқанда біріккен процесс.

Оқыту – қойылған мақсатқа жетуге бағытталған педагог пен оқушылардың өзара іс-әрекеті. Оқу (дидактикалық) процесі мынадай өзара іс-әрекеттің негізгі сатылардан тұрады:

Педагог іс-әрекеті

Оқушы іс-әрекеті

  1. Оқушыларға оқытудың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру
  1. Оқушыларды жаңа білімдермен (құбылыстармен, оқиғалармен, заттармен, заңдармен) таныстыру
  2. Білім, біліктер алу және санадан өткізу процесін басқару
  1. Ғылыми заңдар мен заңдылықтарды тану процесін басқару
  1. Теориядан практикаға өту процесін басқару
  1. Эвристикалық және зерттеушілік іс-әрекеттерді ұйымдастыру
  1. Оқушылардың білімі мен дамуындағы өзгерістерді тексеру, бағалау
  1. Оқудың оң мотивациясын жасаудағы өзіндік іс-әрекет
  1. Жаңа білімдер, біліктерді қабылдау
  1. Талдау, синтез, салыстыру, жүйелеу
  1. Заңдылықтар мен заңдарды тану, себеп-салдарлық байланыстарды түсіну
  1. Біліктер мен дағдылар алу, оларды жүйелеу
  1. Туындайтын проблемаларды шешудегі практикалық іс-әрекет
  1. Өзіндік бақылау, жетістіктерді өзіндік диагностикалау

Білім (образование) – оқыту процесі барысында алынған білімдер, біліктер, дағдылар мен ойлау тәсілдерінің жүйесі.

Білім (знание) – адамның теориялық тұрғыда меңгерген идеяларының жиынтығы.

Біліктер – алынған білімдерді тәжірибе жүзінде қолдану тәсілдерін (әдістерін, әрекеттерін) меңгеру.

Дағдылар – қолданылуы автоматты, жетілдірілген деңгейге жеткізілген біліктер.

Мақсат (оқу, білім мақсаты) – оқыту ұмтылатын, оның барлық күшін салатын болашақ.

Мазмұн (оқыту, білім беру) – оқыту барысында оқушылар меңгеруі тиіс ғылыми білімдердің, практикалық біліктер мен дағдылардың, іс-әрекет пен ойлау тәсілдерінің жүйесі.

Ұйымдастыру – белгіленген критерийлер бойынша дидактикалық процесті қалыпқа түсіру, мақсатқа дұрыс жету үшін оған қажетті форма беру.

Форма (лат. forma – сыртқы түр, қабық) – оқу процесінің өмір сүру тәсілі, оның ішкі мәнінің, логикасы мен мазмұнының қабығы. Форма көбінесе оқушылар санымен, оқыту уақыты мен орны, оның орындалу тәртібімен байланысты.

Әдіс (лат. metodos – жол, тәсіл) – оқыту мақстаы мен міндеттеріне жету, оларды іске асыру жолы.

Құрал – оқу процесін заттық қамтамасыз ету. Құрал болып педагог дауысы (сөзі), кең мағынада оның шеберлігі, оқулықтар, сынып жабдықтары, т.б. табылады. Бұл түсінік басқа мағынада да қолданылуы мүмкін.

Нәтижелер (оқыту өнімдері) – оқытудың соңғы нүктесі, оқу процесінің салдарлары, қойылған мақсаттың орындалу деңгейі.

Дидактиканың негізгі категориялары өзара байланысты.

  1. Дидактикалық жүйелер және оқыту модельдері

Дидактикалық жүйе (гр. systema – тұтас, бөліктерден құралған, қосынды) – нақты критерийлер бойынша анықталған тұтас білім. Дидактикалық жүйелер оқытудың құрылымдары, мақсаттар бірлігі, ұйымдастыру принциптері, мазмұны, формалары мен әдістерінің ішкі бірлігімен сипатталады. Зерттеушілер өзара ерекшеленетін үш дидактикалық жүйені бөліп көрсетеді (И.П.Подласый):

  1. И.Ф.Гербарт жүйесі (дидактикасы);
  2. Д.Дьюидің дидактикалық жүйесі;
  3. Жетілген, қазіргі дидактика.

Неміс философы және педагогы И.Ф.Гербарт (1776 — 1841) Я.А.Коменскийдің дәстүрлі сыныптық-сабақтық жүйесін сын тезінен өткізе келе этика мен психологияның теориялық жетістіктеріне негізделген «педагогиканың ғылыми жүйесін» жасады. Гербарт бойынша тәрбиенің жоғарғы мақсаты – ізгілікті тұлға, моральдық жағынан күшті мінез-құлық қалыптастыруда. Тәрбие этикалық идеялар мен психологияның негізгі ережелеріне сүйенуі керек.

Оқытудың гербарттық жүйесінің негізгі белгілері мынадай: мектептің басты міндеті – оқушылардың интеллектуалдық дамуына жағдай жасау, ал тәрбие – жанұяның ісі. Моральдық тұрғыда күшті мінез-құлық қалыптастыруға дұрыс педагогикалық басқару, тәртіп және онымен байланысты оқыту қызмет етеді. Басқарудың міндеті – оқушыларды ылғи жұмысқа тарту, олардың оқуын ұйымдастыру, олардың дене және интеллектуалдық дамуын бақылау, тәртіпке үйрету. Тәртіп үшін Гербарт тыйымдарды, шектеулерді, сол сияқты дене жазаларын қолдануды ұсынады. Оқыту мен тәртіптің, білімдерді оқушылардың сезімдері мен ерік-жігерлерін дамытумен ұштастыру тәрбиелей оқытудың мәні болып табылады. Бұл ұғымды енгізе отырып Гербарт тәрбиені оқытудан бөлуге болмайтынын, сана мен ерік-жігер, сезім қатар дамитынын көрсеткісі келді.

Гербарттың дидактикаға қосқан басты үлесі – ол оқытудың кезеңдерін (сатыларын) былайша бөліп көрсетті: анықтық – ассоциация – жүйе — әдіс. Оқыту процесі елестетуден түсініктерге, түсініктерден теориялық сипаттағы біліктерге өтеді. Көріп отырғанымыздай, бұл сызбада тәжірибе (практика) жоқ. Бұл формальды деңгейлер оқытудың мазмұнына тәуелді емес, барлық сабақтар мен пәндерде оқу процесінің барысын анықтайды.

Гербарттың шәкірттері мен ізбасарлары (В.Рейн, Т.Циллер, Ф.Дерпфельд) оның теориясын біржақтылық пен формализмнен арылтуға тырыса отырып дамытты және өзгерістер енгізді. Рейн сатыларды басқаша атады, олардың мазмұнын нақтылай түсті және оған қосымша жаңа материалды даярлауды, оны жеткізуді, бұрын алынған білімдермен байланысты, қорыту мен пайдалануды енгізді. Гербарттың теориясы ХІХ ғ. ортасында кең таралып, Герман империясының құлауымен бірге құлдырады. Қазіргі баға бойынша ол мектеп дамуына кері әсерін тигізді: осы теорияның әсерімен оқытудың мақсатын жаттауға дайын білімдер беру деп қарастыратын, сабақта мұғалімге – белсенді, оқушыға – пассивті роль берілетін көзқарастар дүниеге келді. Бірақ та Гербарттың дидактикасынсыз, ол итермелемесе, оның тәрбие жүйесін сыни көзқараспен қайта қарастырмайынша қазіргі теория мен практика болмас еді.

Американ философы, психологы, педагогы Джон Дьюидің дидактикасы қоғам мен мектептің дамуымен қайшылыққа түскен гербартистердің авторитарлық педагогикасына қарсы тұру мақсатында жасалған. Ол «дәстүрлі мектепке» үстірт тәрбие береді, оқыту өмірмен байланыссыз, «кітаби» жүргізіледі, оқушылардың қызығушылығын, қажеттіліктерін, сұраныстарын толық есепке алмайды, оқыту мазмұны қоғам сұранысын қанағаттандырмайды, оқушылардың қабілетін дамытуға жете көңіл бөлмейді деген айып тақты.

1895 ж. өз экспериментін бастаған Дьюи оқушылардың белсенділікте рін дамытуға көңіл бөліп, көп ұзамай оқушылардың қызығушылығына, қабілеттеріне қарай және олардың өмірлік қажеттіліктерімен байланысты құрылған оқыту жаттауға, есте сақтауға негізделген оқытуға қарағанда өте жақсы нәтиже беретініне көзі жетті. Дьюидің оқыту теориясына қосқан үлесі – ол жасаған «ойлаудың толық актісі» тұжырымдамасы. Әр «толық акт» бірнеше кезеңнен тұрады: қиындықты сезіну; оны табу және анықтау; оны шешу жолын ұсыну (болжамды келтіру); ойлаған шешімнен шығатын қорытындыларды келтіру (болжамды логикалық тексеру); болжамды қабылдауға немесе қабылдамауға мүмкіндік беретін байқаулар мен эксперименттер. Дьюи бойынша дұрыс құрылған оқыту – проблемалық оқыту болуы керек. Мұғалім оқушының қызығушылығының дамуын бақылауы, олардың шамасына қарай проблемалар көтеруі керек. Оқушылар өз кезегінде осы проблемаларды шешу арқылы жаңа және қажетті білімдер алғанына сенімді болуы қажет.

«Дәстүрлі» гербарттық жүйеден Дьюи жүйесінің ерекшелігі, «кітаптық білімнің» орнын белсенді оқу қағидасы, белсенді мұғалімнің орнын мұғалім-көмекші, жалпыға бірдей тұрақты оқу бағдарламасының орнын бағдарлық бағдарламалар, жазбаша және ауызша сөздің орнын теориялық және практикалық сабақтар басты.

Дегенмен, Дьюи дидактикасының революциялық сипатына қарамастан, бірқатар кемшіліктері бар. Ол да Гербарт тәрізді оқыту сатыларын барлық пән мен оқу кезеңдеріне телиді, яғни бұл жүйе де формальды сипат алды. Сол сияқты оқушылар білімді бекітуге, біліктерді дамытуға қатыспайды, ал тұрақты, жалпыға бірдей бағдарламаның орнына келген «үзік» курстар мен жобалар оқытудағы сабақтастық пен жүйелілікті қамтамасыз ете алмайды.

  1. Қазіргі дидактиканың ерекшеліктері

Принциптері практикалық педагогикалық іс-әрекет негізінде жатқан қазіргі дидактиканың мынадай ерекшеліктері бар:

  1. Оның әдіснамалық негізін таным философиясының (гносеология) заңдылықтары, материализм құрайды, сондықтан қазіргі дидактика прагматизм, рационализм, эмпиризм, технократизмнің философиялық жүйелеріне тән оқыту процесін талдау мен интерпретациялауды біржақты қарастыруды жеңе алды, оның қазіргі тұжырымы оқыту процесін жүйелі қарастыруға саяды. Бұл дегеніміз – сезімдік қабылдау, білімді түсіну және меңгеру, алынған біліктер мен білімдерді практикалық верификациялву танымдық процесте, оқу іс-әрекетінде органикалық түрде бірігуі қажет.
  2. Қазіргі дидактикалық жүйеде оқыту мәні оқушыға дайын білім беруге де, олардың қиындықтарды өздері жеңуіне де немесе өзіндік жаңалық ашуларына да тірелмейді. Ол педагогикалық басқаруды оқушылардың өзіндік белсенділіктерін дамытумен ұштастыру арқылы ерекшеленеді. Қазіргі дидактиканың басты мақсаты – оқушыларды аз уақыт, күш, құрал жұмсап, көрсетілген деңгейге жеткізу.
  3. Оқытудың мазмұнын анықтауға көзқарас өзгерді, оқу жоспарлары мен бағдарламаларын қалыптастырудың, оқу курстарын құрудың принциптері өзгерді.

Қазіргі дидактика жүйесі бойынша проблема қою мен оны ой елегінен өткізу кезеңінде-ақ оқытудың алғашқы өнімдері (көзқарас) қалыптасады. Бұдан кейін осы өнімдерді сандық және сапалық тұрғыда дамыту жүреді (пайымдар, түсініктер, білімдер, т.б.).

Нәтиже (оқыту өнімдері) жоспарланған деңгейге сәйкес келгенде оқыту мақсаты орындалады. Яғни, оқушыларды төмен деңгейден жоғарысына көшіру процесі жүреді. Осы деңгейлермен шектелген процесс дидактикалық деп аталады.

Әдебиет: